Тәтті сусын көп ішетін адамдарды не күтіп тұр?

3117

Мамандар мұндай сусындарды көп тұтыну қатерлі ісік ауруларын туғызуы мүмкін деп ескертті.

Тәтті сусын көп ішетін адамдарды не күтіп тұр? Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда құрамында қанты бар сусындар (ҚҚС) саламатты ұлттың тамырына балта шабатын нәубетке айналды. Бүгінгінің балалары түрлі тәтті сусындарға құмартқаны сонша, шынашақтай балдырғандарының өзі шөлдегенде қарапайым суды ішпейтін болды. Жылап қоймаған соң, ата-анасы тыныштандыру үшін тәтті сусынның бірін қолына ұстата салды.

Жас ұрпақтың осы психологиясын бірінші болып түсінген бизнес пен маркетологтар бөтелкеленген, газдалған және газдалмаған жәй суға тәттілендіргіштер мен дәмдеуіштер қосатынды шығарды.

Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне хатында "Ұлттық денсаулық сақтау палатасы" бірлестігі жас қазақстандықтардың қантты сусындармен шектен тыс елігіп кеткеніне алаңдады.

"Бүгінде бала да, ересек те құрамында қанты бар алкогольсіз сусындарды шамадан тыс көп тұтынады. ҚҚС-тар демалыс пен ойын-сауықтың бөлінбес бөлшегіне айналып кетті. Онсыз бірде бір туған күн, той, думан өтпейді. Өйткені олардың денсаулыққа зиянын түсіндіру жағы кемшін. Бағасы да қолжетімді. Қазіргі балалар шөлін басу үшін сүт, қымыз, айран, тіпті қарапайым суды да іше бермейді. ҚҚС-ты нормадан артық тұтыну қант диабетіне, онкологиялық ауруларға соқтыруы мүмкін. Салдарынан, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме артуда. Ауыра беретін балалар саны көбейіп барады", – дейді бірлестік сарапшылары.

Сондықтан олар бірнеше ұсыныс енгізді. Біріншіден, құрамында қанты бар өнімдерді тұтыну деңгейін төмендету үшін оның салығын арттырған жөн. Сусынның құрамында қант немесе спирт неғұрлым көп болса, салық ставкасы да соғұрлым жоғары болуға тиіс.

Екіншіден, саламатты өмір салтын қалыптастыру саласында реттеу шараларын күшейту қажет. Атап айтқанда, ҚҚС, сыра және энергетиктердің жалғыз жастарға ғана емес, жалпы тұтынушыларға қолжетімділігін азайту шаралары қабылдануы керек.

Ұқсас ұсынысты таяуда Парламент депутаттары жолдады. Оның мәнісін түсіндірген сенатор, Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, құрамында қанты бар сусындар "семіздікті дамытады, қант диабетінің, микседема, тиреотоксикоз және басқа да түзетілмейтін метаболикалық аурулардың пайда болу қаупін арттырады".

"Сондай-ақ олар жүрек-қан тамырлары ауруларын, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруын, инсультті, бірқатар онкологиялық ауруларды туындататын фактор болып табылады. ҚҚС-ты күніне бір порциясын тұтыну екінші типті диабет дертінің қаупін 18% арттырады. Күніне ҚҚС-тың бір порциясын ішетін адамда, оны тұтынбайтын басқа адаммен салыстырғанда, жүректің ишемиялық ауруының даму ықтималдылығы – 16%, гипертония қаупі – 8% артады", – деп түсіндірді сенатор.

Ол балабақшадағы және мектептегі балалардың қантты сусындарды өте көп ішетіні, соның ішінде 50%-ы – тәтті сусындарды апта сайын тұтынатыны туралы статистиканы алға тартты. Осыдан кейін мемлекеттің сау ұлт құру мұраты қазірден адыра қалды. Эпидқадағалау органдарының дерегінше, қантты сусындарға құмар 6–9 жастағы балалардың шамамен 16,7%-ы ана сүті аузынан кеппей жатып, артық салмақтан зардап шегеді.

"Осыған байланысты біз құрамында қанты бар сусындарға әрбір литрі үшін 100 теңге акциз салығын енгізгенді орынды деп санаймыз! Өйткені бұл өте табысты бизнес, сонша салықты еңсере алады. Өз кезегінде, акциздің енгізілуі арқасында тәтті сусындардың бағасы өсіп, мұндай аса зиянды өнімді тұтынушылар қатары кемиді. Сонымен бірге тапшылық тұйығынан шыға алмай жатқан бюджеттің табысы да артады", – делінген депутаттардың Үкіметке сауалында.

Обалы нешік, Денсаулық сақтау министрлігі бұл идеяны біраз жылдан бері қолдап келеді. Тек Үкіметке сөзі өтетін емес.

Мысалы, Денсаумині сонау 2021 жылы жалғыз сусын ғана емес, құрамында қанты мен тұзы жоғары барлық азық-түлік өнімдеріне жоғарылатылған салық енгізу бастамасымен Үкіметке шықты. Содан бері бұл мәселе ДСМ мен Ұлттық экономика министрлігінің (салық саясатына сол жауапты) алаңдарында қос тараптан сарапшыларды тарта отырып, бірнеше рет талқыланды. Солардың барысында бұл сусындардан Қазақстан халқына және мемлекетке орны толмас алапат залал келіп жатқаны нақты дәлелденді.

Ақыры ұлт жанашырлары жеңіске жеткендей болған: Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №725 қаулысымен бекітілген "Дені сау ұлт. Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасына жаңа талап енгізілді. Оған сәйкес, 2025 жылдан бастап акцизді енгізу мақұлданды.

Құжатта: "құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізу: 0,5 бөтелкелік ҚҚС бағасының баламасында – 200 теңгеден" деп жазылған. Яғни, қазіргі кезде сенаторлар сұрап отырған "әр литріне 100 теңгеден" деген бастамадан әлдеқайда батыл.

Алайда Смайылов Үкіметі кетіп бара жатып, 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №828 қаулысымен "Дені сау ұлт" ұлттық жобасының күшін жоя салды. Онымен бірге аталған маңызды жетістік те "қоқысқа лақтырылды".

Енді ҚҚС лоббиінің түпкілікті жеңіске жеткені белгілі болды. Мұны Сенатқа хатында жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың өзі хабарлады.

"Құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізу мәселесі жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында Салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобында талқыланды. Онда салық салудың барлық қыры кешенді қарастырылды. Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілері қауымдастығы ұсынған ақпаратқа, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институты жүргізген талдауға сәйкес, ҚҚС-терге акциз салығын енгізсек, бұл сусындардың өндірісі 26,4% төмендейді деп күтілуде.  Жаңа салық түрлерін енгізуді мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүддесі және солардың теңгерімін сақтау тұрғысынан қарастыру қажет!", – деді Премьер-министр О.Бектенов.

Осыған байланысты, Үкімет басшысының айтуынша, "аталған тәуекелді ескере отырып, жаңа Салық кодексінде құрамында қанты бар сусындарға акциз салығы енгізілмейді".

Салдарынан, проблема шешілмеген күйі қалып тұр.

Үкімет бұл акцизді енгізбеу арқылы бюджетті толтырмайды, керісінше, оған триллиондаған нұқсан келтіреді. Мұны айтып отырған – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.

"Қантты сусындар калорияны қоспағанда, адам, бала ағзасына ешқандай қоректік құндылық бермейді, есесіне оларда шектен тыс көп еркін қант қоры жинақталған. Қазақстанда ҚҚС-тарды тұтынудың өсу тенденциясы белең алды. Салдарынан, бүгінде республикада инфекциялық емес аурулар, соның ішінде қант диабеті, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары, онкология шектен тыс, қауіпті деңгейге жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Қазақстанда барлық өлімнің 84%-ына – инфекциялық емес аурулар себеп болады", – деп түсіндірді Денсауминінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.

ДДСҰ дерегінше, Қазақстанға инфекциялық емес аурулардан келетін залал 2,3 триллион теңгені құрайды. Бұл елдің ЖІӨ-сінің 2%-ына тең. Бұл көп пе, аз ба?

Салыстырсақ, Finprom мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қазақстан соңғы 2 жыл бойы бүкіл ұлттық армиясы мен қорғанысқа ЖІӨ-сінің бар-жоғы 0,5%-ын бөліп келеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің байламынша, сол ДДСҰ дерегіне инфекциялық емес ауруларды емдеуге кететін шығындарды және жанама залалды қосқанда, мемлекеттің шығыны оның денсаулық сақтау саласына жұмсайтын шығынынан бірнеше есе асып кетеді.

Мысалы, Қазақстандық диабетті зерттеу қоғамының мәліметінше, бір ғана қант диабетінен елге келетін тікелей және жанама зиян 436,4 миллиард теңгеден асады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу